Наурыз Мейрамы
Наурыз мейрамы
Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді.Көне парсы тілінде нава=жаңа + рәзаңһ=күн, «жаңа күн» мағынасында, қазіргі парсы тілінде де сол мағынамен қалған (но=жаңа + роуз=күн; мағынасы «жаңа күн»), яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі) білдіреді. 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы «Халықаралық Наурыз күні» қарарына сәйкес 21 наурыз - Халықаралық Наурыз күні болып қабылданды.
Қазақстанда Наурыз мейрамы үш күн: 21-23 наурыз аралығында аталып өтіледі (2010 жылдан бастап). Жалпы, Наурыз парсы, кавказ және түрік халықтарының арасында көктем мейрамы және жаңа жылдың басталуы ретінде тойланады. Ол Иранда 21 наурызда, Орталық Азия елдерінде және Әзірбайжанда, мемлекеттік мереке ретінде Тәжікстанда және Қазақстанда - 22 наурызда, Өзбекстан мен Түркияда 21 наурыз күні аталып өтіледі.
Тарихы
Наурыз – көне мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады.
Наурыз мейрамы Қазақстанда
Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.
Наурыз - жыл басы. Парсы тілінде "нау" - "жаңа", "руз" - "күн" деген ұғымдарды білдіреді. Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді.
Дәстүр бойынша Наурыз айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.
Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. "Көкпар", "Бәйге", "Қыз қуу", "Жамбы ату" ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын. Біздің 79 гимназияда Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекеге арналған қабырға газеттерінде "наурыз" тарихы жазылып, өлең-жырлардан үзінді беріледі. Сахнада наурыз мерекесіне арналып көріністер қойылады. Гимназияда "Ұлыстың Ұлы күніне" арналған мереке ерекше қуанышты өтеді. Жүректер жылыуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын - Достық мерекесі.
22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.
Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Мұсылман қауымына Исламның 7 байлығын тiлеймiз. Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!
Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз биыл 13-рет дайындалып жатыр. «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан - жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң солтүстiк бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал 31 желтоқсан түнi Жаңа жылды табалдырықтан аттатқан кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. «Бала жасындағысын ұмытпайды». Көнекөз қариялар - салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес.
Наурыз - кей бiлгiштердiң жаңалық ашып, онысымен жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мереке емес. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Алайда, «Әр елдiң салты басқа, итi қара қасқа» демекшi, дәстүр өзгешелiгi де орын алған.
Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған.
Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi - күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды.
Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi.
Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Ертеректе ауыл адамдарын ұйқысынан тұрғызу үшiн қолданылған мынадай қызық дәстүр болған. Жастар асау тайыншаны құрықтап, оған ерттелген ашамайға зор қуыршақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп тулаған асау ауылды азан-қазан етсе де, ешкiм бұған өкпелемеген. Күлiмдеп көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым.
Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна - пәктiктiң, жастықтың, тарақ - әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу - жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi.
Наруыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, - жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылады.
Сең жүредi көктемде астан-кестең,
Ақ атанның бауырын арқан кескен.
Ұлы күнi ұлыстың бас қосқанда
Өлеңiңдi айт, құрбыжан қатар өскен,
- деп, қос-қостан жұптасып, айтысқа түседi.
Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күнi наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан көтеретiн болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгi жыл санаушылардың есебiнше, үркер күздiң басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiлде» немесе «үркердiң жерге түсуi» деп атаған. Көктем кезiнде, яғни наурызда күн жолы үркердiң үстiмен өтiп, үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай халқымыздың «әлемдi көк өгiз мүйiзiмен көтерiп тұр» деген нанымы да бар.
Өгiз етiн арнайы нарқазанда балбыратып пiсiредi. Нарқазанның тарихы да жақсы ырымдармен астасып жатыр. Ежелгi сақ дәуiрiнде халық арасын алауыздық жайлап, ел татулығын тұман басқанда көсемдер келiсiп, үлкен қазан құюға шешiм шығарады. Алайда, қазан соғарлық мыс табылмай қалады да, бүкiл сарбаз жебелерiнiң мыс масағын жинатып, содан нарқазан құйдырады. Осы қазанда қайнатылған астан дәм алысқан араздасушылар өкпе-назын ұмытып, елде татулық орнапты делiнедi аңыздарда. Осындай тай, нарқазандарда қалың қауымға дәм татқызу кейiн үрдiске айналып, ол «шүлен тарту» аталып кеткен. Өгiздiң шекесi ауыл ақсақалдарына тартылады. Бұл сыбағаның аты - «бел көтерер». Ертедегi дәстүр бойынша наурызнама тоғыз күн тойланатын болса, соның сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда бұған дейiн өнерiн ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигiзген балуандарға, тiптi тайы озып келген жас балаға да «ат терi» деп сыйлық берген.
«Той тарқарда» жаңа көзi ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып iшiседi. Көзi қарақтылар «салдама» аталатын кiтапты оқытып, ақсақалдар бата бередi.
Айта берсең, наурыздың жөн-жоралғылары өте көп. Қазақстанның төрт түкпiрi түрлiше тойлайды. Бiрақ, қалай болғанда да, жақсылықтың аты - жақсылық, тойдың аты - той.
Қазақ салты
Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ серек пен көк серек», «Алқа қотан», т.б.), ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, [[[қазақша күрес | қазақша күреспен|]], ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.
Наурыздан кейінгі 2-ші күні жұрт жаппай көктемгі егіске кірісетін. Малшы қауым да төл алуға қатысты іс-қарекетімен айналысатын. Наурызды кейінге қалдыра тұратын ауылдардың өзінде де мейрамнан кейінгі 2-ші күні жаппай егіске кірісетін.
Наурыздың 22 күні Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақ баласының көбі біледі.Наурыз туралы көптен бері,жыл сайын газеттерде жазылып келеді.Бұл мейрам бүкіл ұлтқа ортақ.Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандағының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар.Ызғарлы қыстың кетіп,жан йесі өмір қуатын туғызған жыл,жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. ˝Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп,үңгірде жатқан кәрі құйрық,мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерінбілгізе бастайтын,аурулар сауығамын деп,аттар тойынамын деп,жалаңаштар киімсіз де күн көремін˝ дегендей жұрттың бәріне үміт,әркім деп жылы шырай сезіне бастап, ˝ бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз ˝ дегендей сағынышты көрісілері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын. ˝ Бүгінгі күні Самарқанның көк тасы да жібіпті ˝ - десіп Наурыз күні бейілінкеңітпеген адамды тастан да қатты қылып шығарғысы келіп,аңыз қылысатын.
Еңбекші қазақ елі,шығынды тыртаңнан аттарыңның басын тарта ұстап,тарихи мейрамдарының Наурызды жаңа тұрмысқа лайықты мейрамдап өткізудің жолына түсіңдер.Жаңа жылға жаңа тілек,игі үмітпен шығуымыз керек.
Наурыз көже қалай жасалады?
Наурыз мерекесі жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндетім деп санайды. Тіпті білмейтін жас жеңгелеріміз үлкен адамдардан ақыл-кеңес сұрап, Наурыз көжеге не қосу керектігін саралап жатады. Осы тұрғыда біз де үлкен әжелеріміздің біразынан Наурыз көжені қалай жасау керектігін сұрап білдік. Ол үшін ең алдымен қазан толы сүтіңізді қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастайсыз. Сүт әбден пісуге тақаған кезде, қыс бойы сақтаған сүріңізді салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қоясыз. Аталған уақыт өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып аласыз. Егер Наурыз көже қоймалжың болып кетсе, оған су қосуға болмайды. Тек айран қосып сұйылтасыз.
Шығыс халықтары үшін жыл қайыру, яғни күнтізбе жасау наурыздан бастау алады. Осыбір күнге үміт артып, «Наурыздың берер несібесі мол» дейтін ырымды берік ұстанған қазақ халқы егемен ел болғалы бұл мерекенің өзіндік салмағын сезіне бастаған сыңайлы. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бастауы» деп ұғады. Айтулы мереке Ұлыстың ұлы күні қарсаңында біз де «Айқынның» мейрамханасының бас аспаздарымен тілдесіп, ой бөліскен едік.
Қазақ халқы Наурыз мерекесін атам заманнан бері Жаңа жыл басы ретінде тойлап келген. Кеңес өкіметі уақытында Мәскеу бізге және де басқа Орталық Азияны мекендейтін түркі халықтарына Наурызды ислам мейрамы деп жалған айтып, ресми түрде оны тойлауға тыйым салып келді. Бірақ халық өз дәстүрін ұмытқан жоқ, сақтап қалды. Ақыры, көпшіліктің талабы мен ұлт намысын қорғайтын азаматтардың іс-әрекеттерінің арқасында ол қайтадан қалпына келді. Сөйтіп, тәуелсіздік тұсында Қазақстан Үкіметі Наурызды ресми түрде мереке деп қайта жариялады.
Ал бүгінгі әңгіме Наурыз мерекесі күні тура белгіленбегендігі туралы болмақ. Олай дейтініміз, Үкімет “Наурыз мерекесін” наурыз айының 22-сі күні деп жариялады және “достық, татулық мейрамы” деп мағынасын өзгертіп жіберді. Елуден астам Орталық Азия, Таяу Шығыс, түркі, парсы нәсілді ұлыстар Наурыз мерекесін тойлауды 21-і күні бастайды, жалғыз біз ғана бір күн кешігіп, 22 наурызда атап өтіп жүрміз. Иә, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан, тәжік бауырларымыз тойлап болғанда біз той қамына енді кірісіп жатамыз. Мұның бәрі кезінде үкіметке дұрыс ақпар бермеген адамдардың білімсіздігінен болып отыр.
Наурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) деген сөз бізге парсы тілінен енген. Орта Азия халықтары оны мыңдаған жылдар бойы Жаңа жыл басы ретінде тойлап келді. Кейіннен Ислам діні халықтардың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын сыйлап, Наурызды мейрам ретінде қабылдады.
Тарихқа үңілсек, әлемдегі әр халық Жаңа жылдың басын әр уақытта атап өткен. Ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни жер ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Бұл наурыз айына тура келіп отырған. Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл “авив” айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Айта берсеңіз, Еуропаны басқарып отырған Рим империясында да жаңа жыл басы наурыз болатын. Тек, Иусус Христос туғанынан бастап есептегенде 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға көшірді.
Содан бері христиан мемлекеттері Жаңа жылды 1қаңтардан бастайды. Америка континентіндегі мемлекеттерде де осылай. Ресейде де Жаңа жылды 1 қаңтардан бастап есептейді. Мұны 1699 ж. орыс патшасы Петр І Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Христос туылғанынан, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрықпен кіргізген. Одан бұрын Ресейде Жаңа жылды Орта Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.
Орта Азия халықтары, көне Персия ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін, сағатына, минутына дейін тура астрономиялық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 мартқа сәйкес келеді. Бұл туралы қолымызда Алматыдағы Астрофизика институтынан алынған анықтама бар. Сондықтан да, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің Жыл басын 21 март деп белгілегені дұрыс. Мәселен, көрші Өзбекстанда, Қырғызстанда 21 наурыз халық мерекесі деп жарияланған. Түркіменстан президенті С. Түркіменбашының 2002 жылғы жарлығына сәйкес Наурыз 21-інде басталып, мереке үш күнге созылса, Тәжікстанның Президенті Э. Рахмонов Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығы.
Мұндай мереке белгілеудегі қателікті бірнеше рет біз тиісті орындарға хабарлағанбыз. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да айтылды. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін жоғары лауазымды шенеуніктер бұл сөзге құлақ аспай отыр. Дегенмен, “ештен – кеш жақсы” деген ғой. Әлі де болса бұл қателікті түзеп, Наурыз мерекесін басқа елдер сияқты 21 наурыз күні тойлап жатсақ, кәне.