ЖЕҢІС күні!!!
Қазақстанда Жеңіс күні атап өтілуде 2017 жылғы 9 мамыр 09:10 948 АСТАНА. ҚазАқпарат - 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша, Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады. Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғынға елімізден аттанғандардың ішінен 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғарғы Кеңес Одағының Батыры атанған болатын, оның 100-ден астамы - қазақтар. Соғыс аяқталғаннан кейінгі жылдары нақты айтқанда, 1946 жылы Құдайберген Сұрағанов, 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұловалар да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды. Бұл соғысқа Қазақстан Кеңестер Одағының бір бөлігі ретінде қатысты. Қазақстан соғыс уақытында майдан қажетіне қарай бейімделді. Көптеген әскери дивизиялар мен бригадалар, артиллерия, миномет, авиация полктері және дербес батальондар құрылды. Қазақстан жауынгерлері кеңес-герман майданының шешуші шайқастарына қатысты. Соғыстың алғашқы сәтінде шекара шебіндегі Брест қорғанысын қорғаушылар қатарында мыңдаған қазақстандық болды. 1941 жылғы қыркүйектің аяғында басталған Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Мәскеуді қорғауда панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П.Вихров, М.Ғабдуллин, автоматшылар Т.Тоқтаров, Р.Амангелдиев ерлік көрсетті. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстан 1942 жылдың жазында Сталинград шайқасының ең жақын тылына айналып, соғыс қимылдарына Батыс Қазақстандағы темір жол стансалары мен елді мекендер кеңінен тартылды. Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер болды. Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақстандық жауынгерлер де қатысты. Қазақстандықтар партизан соғысына да белсене қатысты. Ленинград облысындағы шайқастарда - 220, Смоленск жерінде - 270-тен астам, Украина мен Белоруссияда - 3000-дай қазақстандық ерлік көрсетті. Бұлардың ішінде Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздары болды. Партизандар командирлері А.Егоровқа, Н.Зебницкийге және Ф.Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 300-дей қазақстандық Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысты. Фашизмге қарсы соғыс жеңіспен аяқталғаннан кейін қазақстандық жауынгерлер Квантунь армиясына қарсы шайқасты. Қазақстанның табиғи байлығы Қызыл Армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. КСРО ХКК мен БК(б)П ОК-нің 1941 жылғы 16 тамыздағы қаулысы Қазақстанның 1941 жылдың 4 тоқсаны мен 1942 жылға арналған әскери-шаруашылық жоспарын белгіледі. Осы қаулыға сәйкес республика экономикасы соғыс мүддесіне бағытталды. Республика әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель, т.б. өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етті. Орал - Ембі мұнайлы аудандарының кәсіпорындары сұйық отын шығаруды 39 пайызға арттырды. Электр қуатын өндіру 2 есе дерлік өсті. 1941-1945 жылдары барлығы 460 жаңа өндіріс орны салынды. Бұлардың қатарында соғыс жүріп жатқан аудандарда Қазақстанға көшірілген 142 кәсіпорын қысқа мерзім ішінде орналастырылып, іске қосылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады. 1942 жылы мал басы 2 млн-ға, егіс көлемі 8 млн гектарға жуық арттырылды. Республика 1941-1945 жылдары 5829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа азық-түлік берді. Соғыс жылдары республика еңбекшілері майданға киім-кешек, азық-түлік жіберіп, жеке азаматтардың қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуір қайықтар жасалды. Республика халқының майдан қажетіне ерікті жинаған қаржысы 4 700 млн сом болды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс күні Қазақстан мен ТМД-да ғана емес, сонымен қатар одан тысқары жерлерде де кеңінен атап өтіледі. Бұл жыл сайынғы аталып өтетін мейрамның ерекше және құрметтi орны бар. Біздің болашағымыз үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске түсіру үшін, әрбір қазақстандық бұл мерекені Отанға деген сүйіспеншілігінің нышаны ретінде атап өтеді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 72 жылдығы құрметіне елімізде көптеген шаралар өткізілуде. Бүгінде қатары сиреп қалған майдангерлерге деген құрмет ерекше. Республикамыздың түпкір-түпкірінде еске алу вахталары, әртүрлі акциялар, ардагерлермен кездесулер өтіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада Екінші дүниежүзілік соғысының 2776 ардагері және мүгедегі, 157 679 тыл еңбеккері, блокада кезінде Ленинградта еңбек еткен 194 азамат, концлагерьлер мен өзге де мәжбүрлі ұстау орындарында кәмелет жасқа толмай түскен 487 адам, көз жұмған соғыс ардагерлерінің 7 806 жұбайы, әскери қызметшілердің, партизандардың, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза болғандардың (із-түзсіз жоғалып кеткен) қайта тұрмыс құрмаған 80 жесірі, Жеңіске еңбк сіңірген өзге санаттағы 778 адам бар. «Баһадүр бабалардың ізбасарлары қазір Тәуелсіз Қазақстан әскерінің сапында тұр. «Жауынгерлік тәрбие әскери киімнен емес, жөргектен басталады» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқан болатын. Жерінің қауіпсіздігін, елінің тыныштығын қорғау әр азаматтың қасиетті парызы, абыройлы міндеті болып саналады. Сіздер еліміздің шекарасы берік, шебі бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бүгінде қасиетті жеріміз көкте де, жерде де, суда да сенімді қорғалатынын көріп отырмыз. Қазақстан армиясының бүгінгі салтанатты шеруі осының айқын көрінісі болып табылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамыр күні ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына және Жеңіс күніне арналған әскери парадты ашу барысында. Жеңіс күніне орай Қазақстанның барлық аумақтарында ұлттық нақыштағы мерекелік ленталар таратылуда. Мәселен Астанада 100 мың Жеңіс лентасын тегін тарату жоспарланған. Шараның басты мақсаты - өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ата-бабаларымыздың жауынгерлік ерлігін құрметтеу. Қазақстанда Жеңіс күнін мерекелеудің символын жасау мақсатында жаңа патриоттық лента жасалды. 2015 жылы Жеңіс лентасы ресми жаңартылып, жаңа дизайнда таныстырылған болатын. Оның ұзындығы - 30 см, ені - 3 см, көк реңді және ортасында алтын түсті ұлттық өрнек элементтері пайдаланып жасалған жібек маталы лента. Жиектерінде Отан соғысы Орденінің (дәрежесі көрсетілмеген) бейнесі орналасқан, бұл Екінші дүниежүзілік соғыстағы халқымыздың батырлығы мен ерлігін көрсетеді. 9 мамыр күні еліміздің барлық өңірінде мерекелік іс-шаралар өтеді. Мәселен, Алматы қаласында таңертеңгі сағат 10.00-де 28-ші гвардияшыл-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алау алдындағы алаңда Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі болады.Концерттік бағдарламаға «Поклонимся великим тем годам», «Священная война», «Жас қазақ», «Әлия», «Тальяночка», «Сағадат», «Смуглянка», «В землянке», «Ана туралы баллада» және басқа да композициялар енген. Сахнада ҚР Мемлекеттік үрлемелі оркестрі, Роза Рымбаева, Талғат Күзембаев, «ILCanto », «Арт-классик» квартеттері, Береке Еңкебаева, Алексей Тимофеев, Төлеген Рахимбаев және басқалары өнер көрсетеді.9 мамырда «Астана» алаңында кешкі сағат 20:00-ден түнгі сағат 22:00-ге дейін «Тағзым!» атты мерекелік концерт көрсетіледі, онда Олег Татамировтың, Талғат Күзембаевтың, Игорь Благодарныйдың орындауындағы «Поклонимся», Алексей Тимофеевтің орындауындағы «Память», «ill-Canto» квартетінің орындауындағы «Тальяночка», Жанна Орынбасарованың орындауындағы «Катюша», Толқын Забированың орындауындағы «Ана туралы баллада» сынды әскери әндер айтылады. «Сағадат», «Темная ночь», «На безымянной высоте», «Кестелі орамал», «Соғыстан қайтқан солдаттар» композициялары қойылады. Іс-шаралар сағат 22:00-де мерекелік отшашумен аяқталады. Сондай-ақ алматылықтар осы күндері Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Панфилов, Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Мәлік Ғабдуллин, Сергей Луганский және 1941-1945 жылдарғы соғыстың өзге де батырларымен «тірідей» кездесіп, суретке түсу мүмкіндігіне ие болуда. Соғыс ардагерлерінің құрметіне арналған мерекелік шаралар Астана қаласында да кеңінен ұйымдастырылуда. Қала жұртшылығы, ардагерлер «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қояды, мерекеге жиналған майдангерлер сарбаз ботқасынан ауыз тиеді, майдандық әндер шырқалады. Қаланың түрлі алаңдарында концерттік бағдарламалар өтеді. Елордадағы шаралар да отшашумен тәмамдалады. Отшашу сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бастап қазіргі уақытқа дейін жарақтандыруда тұрған және Ұлы Жеңістің нышаны болып табылатын 76 миллиметрлік зеңбіректерден артиллериялық дүркіндетіп оқ атумен жүргізіледі. Салют 2 заманауи отшашу құрылғысымен жасалады. Олардың әрқайсының 173 бағыттаушысы бар.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/kazakstanda-zhenis-kuni-atap-otilude_a3024631