Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына шағымдану тәртібі
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын мемлекеттік бақылау қағидалары орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және олардың ведомстволарының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерінің, орталық мемлекеттік органдардың немесе жергілікті атқарушы органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсететін жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі – Тексерілетін субъектілер) мемлекеттік қызметтер көрсетуі сапасына мемлекеттік бақылау жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) 134-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау сыртқы және iшкi болып бөлiнедi.
3. Мемлекеттік бақылау мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) заңдылық;
2) объективтілік;
3) бейтараптық;
4) ашықтық;
5) жан-жақтылық;
6) тәуелсіздік;
7) анықтық.